"ТАЛАНТ ПЕН АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМДЫ АЛЫП ЖҮРУ"
"ТАЛАНТ ПЕН АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМДЫ АЛЫП ЖҮРУ"
Бұрғынғы Қазақстан Жоғары Кеңесінің төрағасы, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин Мұхтар Шахановтың саяси қоғамдық қызметіне екіге бөле қараған дұрыс деп санайды.
– Совет өкіметі күшінде тұрғанда Желтоқсан оқиғасы туралы жасаған мәлімдемесі мен атқарған қызметі – батылдық. Бірақ кей мәселелерді, мәселен, "қазақ тілі тек менің арқамда мемлекеттік тіл болды" деген мәлімдемесі, бәлкім, артықтау болар, - дейді ол.
Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин (сол жақта), ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов (ортада) Желтоқсан оқиғасын еске алу шарасында. Алматы, 16 желтоқсан 2009 жыл.
Әбділдин 1993 жылы құрылған Қазақстан халық конгресі партиясын екі төраға – Мұхтар Шахановтың да, Олжас Сүлейменовтің де тастап кеткенін құптамайды.
– Халықтың жағдайы мен әділетті қорғаймын деп бастаған істерін екеуі де соңына жеткізбеді. Күнкөріс те керек болған шығар. Өйткені бұрынғы жүйе тарап, жібі түзу жұмыс беруші тек бір адам ғана болып қалды. Екіншіден, екеуіне де жоғарыдан қысым болғанға ұқсайды, - дейді ол.
Оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин Мұхтар Шахановтың әлі күнге дейін қоғамдық істен қалыс қалмағанын жоғары бағалап, оны "ұстанымы, жігері бар адам" деп сипаттайды. Ол "жұрт аузына қарап отырған шығармашылық адамдарының бірде олай, бірде былай кетіп қалған кездерін" сынамайтынын айтады.
Саясаткер Дос Көшім болса Мұхтар Шахановқа саясаттың әдіс-тәсілдерін меңгерген саясаткер деуден гөрі, "талант пен белсенді азаматтық ұстанымды қатар алып жүрген тұлға" деген сипаттама дәлірек келеді деп біледі. Оның айтуынша, қазіргі уақытта "билікті сынап, оған пікірін жеткізе алатын зиялы қауым саусақпен санарлық".
– Танымал, беделді адамдардан үміттену – қазақ дәстүрлі мәдениетінде бұрыннан бар. Советтік тоталитарлық жүйе желдің ығында жүретін зиялық қауым дайындап, биліктің қолбаласына айналдырды. Бұл тұрғыда Мұхтар Шаханов өзгеше, оқшау көрінеді, - дейді ол.
Дос Көшім Мұхтар Шахановтың қоғамдық қызметінде "оппозициямен жақындасу кезеңі" де болғанын айтады. Оның сөзінше, оппозициялық саяси күштер халық арасында беделді Мұхтар Шахановты қатарына тартқысы келген. "Ұлттық бағыттағы маңызды мәселелер бойынша оппозициямен кейде бірге жүргенімен, Шаханов оппозиция қатарына өтпегенді жөн көрген" дейді ол.